Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің Сербияның Сауда, туризм және телекоммуникация министрі Т.Матичпен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің Сербияның Сауда, туризм және телекоммуникация министрі Т.Матичпен кездесуі туралы

Ү.ж. 25 қаңтарда Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербия Республикасының Сауда, туризм және телекоммуникация министрі Татьяна Матичпен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дәстүрлі достық сипатын, сондай-ақ негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауларын атап өтіп, түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Министр Т.Матич Елші Ғ.Сыздықбековке Қазақстанның Косово және Метохия мәселелері бойынша тұрақты ұстанымы үшін алғысын білдірді.

Тараптар ағымдағы жылы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-сербия үкіметаралық комиссияның (ҮАК) 3-ші отырысын өткізуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударды.

Ғ.Сыздықбеков Сербия тарапына Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім (2019 жылғы қазанда қол қойылды) қазіргі уақытта Парламент Сенатының қарауында жатқанын хабарлады. Құжат жақын арада ратификацияланып, бұл екі ел сауда қатынастарын одан әрі тереңдетуге қосымша серпін беретінін тілге тиек етті

Туризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылай отырып, екі елдің өкілдері барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандырудың маңызды шарттарының бірі ретінде тікелей әуе қатынасын ашу бойынша бірлескен шаралар қабылдау қажеттілігі туралы, сондай-ақ тараптардың Қазақстан мен Сербиядағы түрлі туристік форумдарға қатысуын қамтамасыз ету жөнінде уағдаласты.

Әңгіме соңында Министр Т.Матич Қазақстан Елшісінің Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай (10 желтоқсанда атап өтілетін болады) мерейтойлық пошта маркасын шығару бастамасын қолдады.

Кездесу қорытындысы бойынша ҮАК өткізуге дайындық бойынша өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ екі елдің бизнесін бірлескен жобаларды іске асыруға тарту бойынша ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.