Сербияда Абай Құнанбайұлының серб тіліндегі шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

Сербияда Абай Құнанбайұлының серб тіліндегі  шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

Ү.ж. 24 желтоқсанда Қазақстан Елшілігінде қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының серб тіліне аударылған шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Сербияның көрнекті қоғам және саяси қайраткерлері, ғалымдар мен Сербиядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Серб тіліне ақынның шығармасын аудару Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында жүзеге асырып, оның өмірбаяны, таңдамалы өлеңдері мен қара сөздері енді.

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғ.Сыздықбеков өз сөзінде Абай шығармаларының аудармасы – әрбір серб оқырманының қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған даналығы көрініс тапқан ұлағатты тұлғаның ұлы мұрасымен таныса алатын және бүгінгі күні де өте өзекті болып қала беретін жырларға толы бірегей басылым екенін атап өтті.

Елшілік ақын кітаптарын биылғы қараша айынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Достық» қазақ-серб мәдени орталығына табыс етті, сондай-ақ жинақ Сербияның ұлттық кітапханасына және Белградтың ғылыми және білім беру мекемелерінің кітапхана қорларына жіберілетін болады.