
Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков осы жылғы 22 желтоқсан күні Сербия Республикасының Премьер-министрі лауазымына қайта тағайындалған Ана Брнабичпен кездесті.
Кездесудің басында Премьер-министр Қазақстан Елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы саяси және экономикалық салалардағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға мол мүмкіндік беретініне, нақты өзара іс-қимылды арттыруға ықпал ететініне зор сенім білдірді.
Қазақстандық дипломат өз кезегінде Нұр-Сұлтан мен Белград арасындағы қарым-қатынастардың дәстүрлі достық және сенімді сипатта екенін атап өтті. Қазақстан аумақтық тұтастықты сақтау қағидатын негізге ала отырып, Сербияға Косово және Метохия мәселелері бойынша дәйекті қолдау көрсетуге ниетті екенін атап көрсетті.
Сындарлы сұхбат барысында тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағын жан-жақты талқылады.
Ғабит Сыздықбеков Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) әлеуетіне баса назар аударды. Инновациялар және технологиялық даму министрі Н.Поповичтің таяуда Сербия тарапынан ҮАК тең төрағасы болып тағайындалуын құптады. Әңгіменің жалғасы ретінде IT мен цифрландыру, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіру сияқты салалардағы өзара іс-қимылдың келешегі мен мүмкіндіктерін айтып өтті. Қазақстанда сербтердің қатысуымен жұмыс істеп жатқан 33 компания тіркелгенін хабарлады.
Тараптар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін де талқылады. Бірлескен күш-жігермен осы бағыттағы жұмысты жандандыру жөнінде келісілді
Елші Қазақстан Елшілігінің мәдениет саласындағы жобалары туралы, оның ішінде қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармаларын кітап түрінде серб тіліне аударылғаны жөнінде, сондай-ақ, Ужице қаласының орталық саябақтарының бірінде Абай бюстін орнату мен оны Серб-Қазақ достығы саябағы деп қайта атау жөнінде келісілгендігі туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимылдың нормативтік-құқықтық базасын кеңейтуге, атап айтқанда, тараптардың уағдаласқан келісімдер мен меморандумдар жобаларына қол қойылуына ерекше көңіл аударылды.
Жоғары технологиялық саладағы бірлескен жобаларға бастамашылық жасаудың маңыздылығы тақырыбын дамыта отырып, Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбеков Сербия үкіметінің басшысын біздің елімізде сәтті қолданыстағы «Сергек» жол ережесі бұзушылықтарын бейнетіркеу және бейнеталдау жүйесі туралы хабардар етіп, осы отандық әзірлемені Сербияның ірі қалаларында енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.