Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің Сербия Халықтық Скупщинасының Төрағасы И. Дачичпен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің  Сербия Халықтық Скупщинасының Төрағасы  И. Дачичпен кездесуі туралы

Ү.ж. 21 желтоқсанда Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербия Республикасы Халықтық Скупщинасының (Парламентінің) жаңадан сайланған Төрағасы Ивица Дачичпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар парламенттік дипломатияның ерекше рөлін, сондай-ақ екі ел арасындағы қатынастардың дәстүрлі достық және өзара сенімділік сипатын атап өтіп, түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылады.

Сұхбаттасушылар COVID-19 вирусының пандемиясы төңірегіндегі жағдай мен сырқаттанудың таралуын тежеу және оның әлеуметтік-экономикалық жағдайға жағымсыз салдарларын жою бойынша үкіметтік шаралар туралы пікір алмасты.

Елші Ғ.Сыздықбеков И.Дачичті Қазақстандағы ахуал жөнінде, 2021 жылғы 10 қаңтарға жоспарланған Республика Парламентінің Мәжілісіне  сайлау секілді саяси маңызды оқиға туралы хабардар етті.

Халықтық Скупщинаның төрағасы И.Дачич жаңа қызметінде екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға барынша ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанмен парламенттік достық тобы жаңартылғанын хабарлады.

Тараптар сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру, 2021 жылы екіжақты кездесулер мен сапарлар ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.