
7 ақпанда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы жергілікті “Sat7” телекорпорациясында арнайы шақырумен болып оның жұмысымен танысты. Аталған БАҚ басшысы Марун Бу Рашид мырзамен екіжақты ықпалдастық және тәжірибемен алмасу мүмкіндіктері талқыға салынды. Тәуелсіз журналистика қағидаттары мен заманауи технологияларға сүйенген бұл телеарна аймақтағы “Al-Jazeera”, “Al-Arabia” сынды медиа-алыптарға айтарлықтай балама болып табылады. Бүгінде оның ақпараттық-сараптамалық, сондай-ақ тәрбиелік мәндегі өнімдері тұтастай Таяу Шығысқа тарап миллиондаған көрерменнің ықыласы мен сеніміне ие болуда. Жүздесу шеңберінде Елші тікелей эфирде “Sat7”-ға Қазақстан туралы, оның Араб әлемімен тарихи және бүгінгі күндегі байланыстары жайлы араб тілінде көлемді сұхбат берді. Бағдарлама барысында арабтың дәстүрлі музыкалық аспаптарында Қазақтың күйі орындалғаны ерекше сезімге бөледі.