Ливандық «ССС» компаниясы Қазақстанда жаңа жобаларға қатысуға мүдделі

Ливандық «ССС» компаниясы Қазақстанда жаңа жобаларға қатысуға мүдделі

29 мамырда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы ливандық ірі мердігерлік «ССС» компаниясының Бас менеджері Уажди Маалуфпен кездесті. Әңгіме барысында Қазақстан мен Ливан арасындағы кең ауқымды қарым-қатынастардың көкжиектері, сондай-ақ «ССС» компаниясымен ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды. У.Маалуф «ССС» Теңіз кен орнындағы инвестициялық жобаны іске асыруды жалғастыруға бел буып отырғанын мәлім етті. Ол сондай-ақ қазіргі уақытта компания басшылығы біздің еліміздегі басқа да жаңа жобаларға қатысуға қызығушылық танытатынын мәлімдеді. Елші Р.Жұмалы өз кезегінде «ССС» компаниясының жаңа бастамаларына Елшілік тарапынан толық қолдау табылатынын атап өтті.

Екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін беру мақсатында екі елдің іскер топтары, бұқаралық ақпарат құралдары, туристік компаниялары өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру мәселесі қозғалды. Бұл іс-шараларды жүзеге асыруға «ССС» барынша қолдау көрсетуге дайын. Жалпы өзара сенімді әрі ашық сипатта өткен сұхбат барысында инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау, қосарланған салықты болдырмау іспетті маңызды келісім-шарттар жасасу мәселесіне де назар аударылды. Аталған тақырыптар сондай-ақ «ССС» Бас директоры Самир Әл-Хуримен онлайн форматтағы конференцияда қосымша пысықталды.

Анықтама ретінде: ливандық «ССС» компаниясы Қазақстан нарығында 2000 жылдардың басынан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде компания Қазақстанның батыс өңіріндегі Теңіз кен орнын игеру, Астана қаласындағы «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешенін салу сияқты ірі жобаларға қатысты.