
27 мамырда Қазақстанның Бейруттағы Елшісі Расул Жұмалы Ливан Инвестицияларды ынталандыру бойынша орталығының басшысы Мазен Суейдпен кездесті. Мақсат - өзара сауда-экономикалық және іскерлік, оның ішінде инвестициялық байланыстарды ілгерілету. Айта кету керек, алдыңғы кезеңде аталған салада орын алған жетістіктер аз емес. Мәселен, Ливаннан Қазазақстан нарығына тартылған тікелей инвестициялар көлемі бүгінде 100 миллион доллардан асып отыр. Сұхбат барысында екі елдің зор әлеуеті бұл көрсеткішті еселеп арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Ол үшін Қазақстан мен Ливанның құзырлы мекемелері тарапынан құлшындырушы алғышарттар іске асырылуы айрықша маңызға ие. Сөз болып отырғаны ірі инвесторлар үшін жеңілдіктердің қамтамасыз етілуі, тәжірибемен алмасу, екі елде өтетін экономикалық және инвестициялық форумдарға белсенді ат салысу. Бұл мәселелерді жүйелі түрде сүйемелдеу мақсатында Расул Жұмалы мен Мазен Суейд екіжақты инвестициялар саласында арнайы меморандумды жасасу мен бұл құжатты әзірлеу мәселесін талқылады.