Қазақстан-Ливан мәдени және ақпараттық ынтымақтастығы өрбуде

Қазақстан-Ливан мәдени және ақпараттық ынтымақтастығы өрбуде

24 мамырда Ливан Мәдениет министрі Мұхамед Мұртаданың шақыруымен Қазақстан Елшісі Расул Жұмалы Триполи халықаралық фестиваліне қатысты. 2024 жылы осы шахардың күллі Араб әлемінің мәдени астанасы болып жариялануы аясында өткен келелі шараға Ливан Премьер-министрі Наджиб Миқати бастаған лауазым иелері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жоғары дәрежелі шетелдік меймандар қатысты. Оның барысында Триполидің бай тарихи мұрасына арналған салтанатты рәсімдер өтіп арнайы қойылымдар ұсынылды, жергілікті қолөнер өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Сол күні Расул Жұмалы Триполидегі танымал “Элит” атты мәдени-ағартушылық орталықтың жұмысымен танысты. Екіжақты ынтамықтастыққа дем беру ісінде ақпараттық, танымдық әрі мәдени жақындасудың мәні ерекше екенін атап өткен Орталықтың басшысы Иман Дернайка ханым осы бағытта Қазақстанға үлкен қызығушылықпен қарайтынын жеткізді. Өз кезегінде Елші Қазақ елінің даңқты кешегісі мен бүгінгі жетістіктері, әлемдік өркениетте алар орны туралы қосымша материалдар берілетінін, Орталықта еліміз жайлы арнайы лекция оқуға дайындығын жеткізді. Тараптар бірлескен ақпараттық жобаларды іске асырып тұруға келісті.