Қазақстан мен Ливан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда

Қазақстан мен Ливан денсаулық сақтау  саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда

5 ақпанда Қазақстанның Бейруттағы Елшісі Расул Жұмалы Ливандағы ең көне әрі жетекші медициналық мекемелердің бірі – Мар Юсеф ауруханасында болды. Мұнда Халықаралық қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қатысушылар қауіпті дерттің алдын алу, диагностикалау және емдеу саласындағы заманауи технологиялар бойынша баяндамалар тыңдап, пікірлермен алмасты. Расул Жұмалы өз сөзінде азаматтардың салауатты және толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ету негізгі басымдық екендігіне тоқталды. Бүгінгі таңда Ливан мен Қазақстанда бұл салада көп жұмыстар атқарылуда, белгілі бір жетістіктер де бар. Мысалы, Ковид-19 пандемиясы кезінде қазақ ғалымдары Qazvac атты тиімді вакцина әзірлеген санаулы әлемдік орталықтардың бірі болды. Профессорлар мен докторлармен пікірталас барысында Қазақстан мен Ливанның медициналық орталықтары арасында тәжірибе алмасу және тікелей байланыс орнату мүмкіндіктері талқыланды.