«Астана форматындағы» Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесі (Астана, 2024 жылғы 24-25 қаңтар)

«Астана форматындағы» Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесі (Астана, 2024 жылғы 24-25 қаңтар)

 

«Астана форматының» кепілгер елдері ретінде Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркия Республикасының өкілдері:

 

  1. Әлемдегі және аймақтағы жағдайдың дамуына шолу жасады және Сирия дағдарысын тұрақты шешуге жәрдемдесудегі «Астана процесінің» жетекші рөлін атап өтті.

 

  1. Палестина-Израиль қақтығысының шиеленісуі Сирия Араб Республикасындағы жағдайға кері әсерін мәлім етті. Қарулы қақтығыс аймағының кеңеюіне және оған аймақтың басқа мемлекеттерін тартуға жол бермеудің маңыздылығын атап өтті.

Газадағы гуманитарлық апатқа байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, Израильдің палестиналықтарға қарсы қатыгез шабуылын тоқтату және Газаға гуманитарлық көмек жіберу қажеттігін баса айтты. Тез арада атысты тоқтатуға және барлық тараптардың халықаралық құқық бойынша өз міндеттемелерін орындауын талап ететін БҰҰ Бас Ассамблеясының A/ES/-10/L.27 (2023) қарарын орындауға шақырды.

 

  1. Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігіне және аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өздерінің мызғымас адалдығын қуаттады және бұл қағидаттардың жалпыға бірдей сақталуы мен құрметтелуі тиіс екенін атап өтті.

 

  1. Терроризммен күресу, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының қатысуымен (БҰҰ БЖКБ) сириялықтардың қауіпсіз, ерікті және лайықты түрде оралуы үшін тиісті жағдайлар жасау мақсатында Түркия мен Сирия арасындағы өзара құрмет, ізгі ниет және тату көршілік негізінде қарым-қатынастарды қалпына келтіру, саяси процесті белсендіру және барлық сириялықтарға гуманитарлық көмектің кедергісіз ағынын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта қолға алынып жатқан төртжақты формат аясындағы Астана форматының кепілгерлерінің күш-жігерін құптады.

 

  1. Терроризмнің барлық нысандары мен көріністерімен күресу және Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге және көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруге бағытталған сепаратистік жоспарларға, оның ішінде трансшекаралық шабуылдар мен инфильтрацияға қарсы тұру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға табандылығын білдірді. Сирияның әртүрлі аймақтарында түрлі атауларды жамылып әрекет ететін лаңкестік топтар мен олармен байланысты құрылымдардың әрекеттерін, соның ішінде бейбіт тұрғындар арасында құрбан болған азаматтық нысандарға жасалған шабуылдарды айыптады. Сирияның солтүстігіне қатысты барлық қолданыстағы келісімдерді толығымен орындау қажеттігін атап өтті.

 

  1. Идлиб деэскалация аймағындағы (ИДА) жағдайды егжей-тегжейлі қарастырды және Идлиб бойынша барлық қолданыстағы келісімдерді толық орындау арқылы «жердегі» тыныштықты сақтау қажеттігін атап өтті. ИДА ішінде және одан тыс жерде бейбіт тұрғындарға қауіп төндіретін лаңкестік топтардың болуы мен белсенділігіне қатты алаңдаушылық білдірді. Гуманитарлық ахуалды қоса алғанда ИДА және оның айналасындағы жағдайды тұрақты қалыпқа келтіру үшін одан әрі күш-жігер жұмсауға келісті.

 

  1. САР-дың солтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады және бұл аймақта әрдайымдылық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу тек осы елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде мүмкін болатынына келісті. Терроризмге қарсы күрес желеуімен өзін-өзі басқарудың заңсыз бастамаларын қоса алғанда, «жерде» жаңа ақиқатты құру әрекеттерінің барлығынан бас тартты. Сирияның бірлігіне нұқсан келтіруге және көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне, соның ішінде трансшекаралық шабуылдар мен Евфрат өзенінің батысынан да инфильтрация арқылы қатер төндіруге бағытталған сепаратистік жоспарларға төтеп беруге табандылығын қуаттады.

Сирияға тиесілі болуы қажет мұнай ресурстарын жалғасып жатқан заңсыз басып алу және беру шараларына тағы да қарсылық білдірді. Халықаралық құқықты, халықаралық гуманитарлық құқықты және БҰҰ Жарғысын бұзатын біржақты санкциялардан, соның ішінде сепаратистік жоспарларды жүзеге асыруға әкеліп соқтыратын Сирияның белгілі бір аймақтарына қатысты барлық таңдамалы шаралар мен босатулардан бас тартты.

Сирия мемлекетінің бірлігіне нұқсан келтіретін терроризмді қолдайтын елдердің әрекеттерін, соның ішінде Сирияның солтүстік-шығысындағы өзін-өзі басқарудың заңсыз бастамаларын айыптады.

Жақында аймақтағы араб тайпаларымен соғысуға алып келген сепаратистік топтардың Евфраттың шығысындағы бейбіт тұрғындарға қарсы, соның ішінде күштеп әскерге шақыру, бейбіт шерулерді басу және білім берудегі кемсітушілік, сондай-ақ саяси белсенділікті, журналистерді, жиналыстар мен қозғалыс еркіндігін шектеу сияқты қысымының барлық түрлеріне елеулі алаңдаушылық білдірді.

 

  1. Кез келген елдің халықтың жекелеген этноконфессиялық топтарының террористік және сепаратистік ұмтылыстарын қолдау және оларды қаруландыру жөніндегі кез келген әрекетін айыптады.

 

  1. Израильдің Сириядағы барлық әскери шабуылдарын айыптады. Бұл әрекеттерді халықаралық құқықты, халықаралық гуманитарлық құқықты, Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу деп санады, оларды аймақтағы тұрақсыздық пен шиеленісті күшейтеді деп танып, осы шабуылдарды тоқтатуға шақырды.

Әсіресе, осыған қатысты Израильдің шешімдері мен қадамдары жарамсыз және заңды күші жоқ деп саналатынын ескере отырып, жалпы танылған халықаралық құқықтық шешімдерді, соның ішінде Сирияның Голан жоталарын басып алуды жоққа шығаратын БҰҰ-ның тиісті қарарларының ережелерін, бірінші кезекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 242 және 497 қарарларын құрметтеу қажеттілігін қуаттады.

  1. Сирияда әскери шешім болуы мүмкін емес деген сенімдерін білдірді және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарына сәйкес БҰҰ-ның көмегімен сириялықтардың өздері басқаратын және жүзеге асыратын өміршең және ұзақ мерзімді саяси процесті ілгерілетуге бейілділіктерін қуаттады.

 

  1. Сириялық Ұлттық диалогы конгресінің Сочидегі шешімдерін орындау үшін Астана форматындағы кепілгер елдердің шешуші үлесімен құрылған Сирия Конституциялық комитетінің Сирия Араб Республикасындағы қақтығысты саяси реттеуді ілгерілету процесіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Сириялық тараптардың сындарлы көзқарасымен оның қызметін тез арада қалпына келтіруге және оның Редакциялық комиссиясының тоғызыншы отырысын өткізуге шақырды. Осыған байланысты сириялық қатысушы тараптармен және Комитеттің тұрақты және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін сәйкес тұлға ретінде БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсенмен өзара тұрақты іс-қимыл арқылы Комитеттің жұмысына қолдау көрсетуге деген табандылықтарын растады.

Конституциялық комитеттің өз қызметін бюрократиялық және логистикалық кедергілерсіз іске асыру қажеттігін атап өтті. Комитеттің үздіксіз жұмыс істеуі үшін тез арада барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге шақырды.

Конституциялық реформаны дайындау және әзірлеу бойынша мандатын орындай алуы үшін Конституциялық комитет өз жұмысында өкілеттіктер шеңберін және негізгі рәсім ережелерін сақтауы қажет деген сенім білдірді.

 

  1. 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінің салдарынан ауыртпалық аса түскен Сириядағы гуманитарлық жағдайға елеулі алаңдаушылық білдірді.

 

  1. Халықаралық құқық пен БҰҰ Бас Ассамблеясының 46/182 қарарына сәйкес Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және оның көлемін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бюджеттік шектеулерге байланысты Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын көмек бағдарламалары санының қысқаруына байланысты азық-түлік тапшылығы қаупінің жоғарылауын ескере отырып, барлық сириялықтарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қажетті донорлық қаржыландыруды қамтамасыз етуге шақырды.

Сирия Араб Республикасы Үкіметінің БҰҰ гуманитарлық агенттіктеріне САР-дың солтүстік-батыс аймақтарының бейбіт тұрғандарына гуманитарлық көмекті жеткізу үшін Түркиямен шекарадағы «Баб Әл-Хава» шекара өткелін пайдалануды 2024 жылғы 13 қаңтардан 13 шілдеге дейін, сондай-ақ 2023 жылғы 6 ақпандағы жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға көмек көрсету мақсатында Түркиямен шекарадағы «Баб Әс-Салам» және «Ар-Рай» екі шекара бекетін пайдалануды 2024 жылдың 13 ақпанына дейін ұзарту туралы шешімін назарға алды; БҰҰ-ның Сирияның солтүстік-батысына шекара және түйісу желегі арқылы көмегін қоса алғанда, БҰҰ бекіткен процедуралар арқылы барлық сириялықтарға гуманитарлық көмекті үзіліссіз жеткізуді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Кедергілерді алып тастау және елдегі барлық сириялықтарға кемсітусіз, саясиландырусыз немесе алғышартсыз гуманитарлық көмекті арттыру қажеттігін атап өтті.

  1. Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға және саяси реттеу процесіндегі ілгерілеуге көмектесу үшін халықаралық қауымдастықты, БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін ерте қалпына келтіру және тұрақтылық жобаларын оның ішінде негізгі инфрақұрылымды – су және электрмен жабдықтау, санитаралық объектілерді, денсаулық сақтау мен білім беру саласын, мектептерді, ауруханаларды қалпына келтіру, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес миналарды гуманитарлық жою жобаларын жүзеге асыру арқылы барлық сириялықтарға көмекті арттыруға шақырды.

 

  1. Босқындар мен уақытша қоныс аударғандардың Сириядағы тұрғылықты жерлеріне қауіпсіз, лайықты және ерікті түрде оралуын жеңілдету және олардың қайтып оралу құқығын және қолдау алу құқығын қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Халықаралық қоғамдастықты сириялық босқындар мен уақытша қоныс аударғандарға қажетті көмек көрсетуге шақырды және барлық мүдделі тараптармен, соның ішінде Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасымен (БҰҰ БЖКБ) және басқа мамандандырылған халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындығын растады. Сириялықтардың өз еркімен және лайықты түрде оралуы үшін Сирияда қажетті жағдай жасау бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

 

  1. Сириялық тараптар арасында сенім орнату ісінде өзектілігі мен тиімділігін растаған бірегей тетік болып табылатын ұсталғандарды/барымтаға алынғандарды босату, өлгендердің мәйіттерін беру және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру бойынша Жұмыс тобының шеңберінде ұсталғандарды/ұрланғандарды өзара босату жөніндегі операцияларды жалғастыруға деген табандылығын растады. Ұсталған/ұрланған адамдарды босатуды қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігерді арттыру туралы шешім қабылдады. Қайтыс болғандардың мәйіттерін беру және хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау мәселелерін қарастыру арқылы Жұмыс тобының қызметін кеңейту қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Жұмыс тобы шеңберінде іс-шараларды белсендіру ниетін құптады.

 

  1. Иордания, Ирак және Ливан делегацияларының «Астана форматының» бақылаушылары ретінде, сондай-ақ БҰҰ мен Халықаралық Қызыл крест комитеті өкілдерінің қатысуын құптады.

 

  1. Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесуді Астанада өткізгені үшін Қазақстан билігіне шынайы ризашылығын білдірді.

«Астана процесінің» бастауында тұрған және осы бірегей көпжақты механизмнің табысты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін өзінің аумағы мен қонақжайлылығын үнемі қамтамасыз еткен Сирия бойынша халықаралық кездесулерді қабылдаушы мемлекет ретінде Қазақстан тарапының ерекше рөлін атап өтті.

  1. 2022 жылғы 19 шілдедегі үшжақты саммиттің қорытынды мәлімдемесінде бекітілген Ресей Федерациясында саммитті ұйымдастыру туралы келісімді атап өтті.
  2. Сирия бойынша 22-ші халықаралық кездесуді 2024 жылдың екінші жартысында Астанада өткізуге келісті.