
9 тамызда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы Дамаскіге жұмыс сапармен барды. Бұнда ол Сирияның Сыртқы істер министрі Фейсал Миқдадпен кездест. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен әлеуетін талқылай келе оның болашағы зор үміт күттіретінін атап өтті. Өз кезегінде Ф.Миқдад Сирия бойынша Астана процесі, биылғы ақпанда елдің солтүстігінде орын алған жер сілкінісі кезінде дереу жөнелтілген гуманитарлық көмек, басқа да бауырластық қатынасы үшін өз халқының Қазақстанға деген шексіз ризашылығын білдірді. Дамаск қаласының Әкімі Мухаммад Кришатимен сұхбат барысында да өзара тиімді ынтамақтастықты жандандыру жолдары, оның ішінде Қазақстанның демеушілігімен Дамаскіде бой көтерген Әл-Фараби мәдени орталығын қос тараптың игілігіне сай пайдалану мәселелері қозғалды. Қазақстанның өкілдері ұлы бабамыздың зираты орналасқан аталған орталыққа, сондай-ақ біздің елдің көмегімен күрделі реставрациядан өткен Сұлтан Аз-Захир Бейбарс кесенесіне арнайы зиярат етіп тағзым етті.