
7 маусымда Ливанда ауқымды қайрымдылық акциясы өтті. Оған Бейруттағы Қазақстан Елшілігі белсенді түрде атсалысты. “Халықаралық тағамдар фестивалі” айдарымен бұл шараны Ливандағы Дипломаттар жұбайларының қауымдастығы ұйымдастырды. Оның барысында әлемнің түкпір-түкпірінен 40-тан астам елдерінің ұлттық тағамдары әзірленіп жергілікті меймандарға ұсынылды. Фестиваль танымдық жағынан бөлек мейірбандық таныту тұрғысынан ерекше маңызға ие болды. Атап айтқанда оның аясында жиналған барлық қаржылық түсім гуманитарлық көмек көрсетуші үкіметтік емес ұйымдарға аударылды, тағамдар жергілікті мұқтаж жандарға тегін таратылды. Ливан елі өткір әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіріп, Сирия мен Палестинадағы соғыс әрекеттерден ағылған жүз мыңдаған босқындарды қабылдап отырғанын ескерсе бұл кәдімгідей зор демеу болды. Атап өтерлігі, фестивальде ұсынылған Қазақтың кең дастарханы шара ұйымдастырушылары мен қатысушыларының ыстық ықылысына және алғысына бөленді.