Бейрутта Қазақстанға арналған бизнес-форум өтті

Бейрутта Қазақстанға арналған бизнес-форум өтті

30 мамырда Ливандағы Қазақстан Елшілігі “Неліктен Қазақстанды таңдау керек? Түрлі салалардағы инвестициялық мүмкіндіктер” атты ірі басқосу ұйымдастырды. Ел астанасы – Бейруттың төрі саналатын “Зайтуна бэй” орталығында өткен шараға Ливанның жетекші компанияларының, кәсіпкерлер ұйымдарының, кәсіби одақтардың басшылары қатысты. Олардың алдында Елші Расул Жұмалы бүгінгі Қазақстанда қалыптасқан бизнес-ахуал, экономикалық мүмкіндіктер, шетелдік инвесторларды ынталандырушы жеңілдіктер жайлы баяндама жасады. Сондай-ақ қатысушыларға еліміздің сан саладағы әлеуетін ашатын жазба және бейне материалдар таратылды. Таяу Шығыста ғана емес, әлемдік деңгейде танымал жергілікті іскер орталардың өкілдері Қазақстанға үлкен қызығушылықпен қарайтынын жеткізді. Атап айтқанда, олар біздің елден бидай, ұн, өсімдік майы, күкірт, басқа да өнімдер мен шикізаттарды импорттауға, Азия мен Таяу Шығыс арасындағы транзиттік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға мүдделік танытты. Қуантарлық жәйт – жиын барысы дағдылы сұрақ-жауаптармен шектелмей нақты жобалар мен ұсыныстарды талқылаумен ерекшеленді. Өз кезегінде қазірдің өзінде Қазақстан нарығымен таныс кәсіпкерлер оның тиімді бизнес жүргізу тұрғысынан артықшылықтары жайлы ойларымен бөлісті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Ливанның Халықаралық сауда палатасының төрағасы Уаджих Бизри және Қазақстанның осы елдегі Құрметті консулы Юсеф Канаан қолдау көрсетті.