
23 мамырда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы осындағы Триполи қаласының әкімі Мухаммад Қамар Ад-Динмен жолықты. Әңгіме барысында Ливанның астаналық Бейруттан кейінгі екінші ең ірі қаласы мен Қазақстан арасында жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Бұл мақсатқа жетуде өзара мүдделестік те, қолда бар әлеует те жеткілікті. Атап айтқанда, сауда саласында Жерорта теңізінде жетекші айлаққа ие Триполи біздің елден бидай, ұн, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауда пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ білім беру, мәдениет, туризм саласында болашағынан үміт күттіретін мүмкіндіктер бар. Триполи кезінде Қазақ даласынан шыққан Сұлтан Бейбарс бастаған Мәмлүктер мемлекетінде ірі саяси және мәдени орталықтардың бірі болғанын ескере отырып, ортақ тарихи мұраны сақтап жаңғырту ісі де маңызға ие. Бұл ретте келіссөздер барысында Триполи мен даңқты бабамыз Бейбарстың шыққан ортасы Атырау арасында бауырластық қатынастар орнату мүмкіндіктері қаралды.
Сол күні Қазақ дипломаты Солтүстік Ливанның Мүфтиі Мухаммад Имаммен кездесті. Тараптар рухани саладағы халықтарымыз арасында ғасырлар бойындағы жақындастық бүгінде жаңаша мазмұндағы деңгейге шыққаны абзал екендігін атап өтті. Мухаммад Имам өз кезегінде Қазақстанның діни орталарымен тығыз байланыстар орнатуға мүдделі екендігін жеткізді.