Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы Триполиге қызметтік сапармен барды

Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы Триполиге қызметтік сапармен барды

10 наурызда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы және дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлері осы елдің астаналық Бейруттан кейінгі екінші ірі қаласы - Триполиге қызметтік сапармен барды. Шаһардың ресми өкілдерімен өткен келіссөздер барысында екіжақты экономикалық, іскерлік байланыстарды нығайту жолдары қаралды. Оның ішінде астық, ет, басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін аталған араб еліне экспорттау,  халықаралық сауда жүргізу мақсатында Триполи теңіз айлағының әлеуетін пайдалану сынды нақты жобалар талқыланды. Ливанның мәдени, ғылыми және білім беру ордасы саналатын осы қаламен арада сондай-ақ гуманитарлық салада ынтымақтастық құру маңызды. Бұл ретте жергілікті белді оқу орындары - Тараблус және Джаннан университеттерінде кездесулер өтті. Бұнда Қазақстаннан бірнеше жастар  тағылым алып жатқанын атап өткен жөн. Сондағысы Триполидің тек Ливан ғана емес, күллі Мұсылман және Түркі әлемі үшін тарихи һәм рухани орны ерекше. Әсіресе даңқты Мәмлүктер мемлекетінде ең негізгі ошақтардың бірі болып табылады. Биыл ұлы жерлесіміз - Аз-Захир Бейбарстың 800-жылдығы атап өтілуі аясында делегация Мәмлүктер дәуірі жайлы сыр шертетін  бірегей нысандар мен жәдігерлермен танысып, жергілікті ғалымдармен пікір алмасты.