Қазақстан азаматтарына Ливанға визасыз келу мәселесі талқыланды

Қазақстан азаматтарына Ливанға визасыз келу мәселесі талқыланды

16 ақпанда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы Ливанның Сыртқы істер және оралмандар министрі Абдалла Бухахибпен кездесті. Сұхбат барысында екіжақты саяси, экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және оны дамыту көкжиектері  талқыланды. Көпжақты форматтағы, оның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелері де әңгіменің маңызды тақырыбы болды. Қозғалған тақырыптар бойынша өзара толық түсіністікке қол жеткізілді.

Қарастырылған мәселелер арасында екі елдің туризм және іскерлік салалардағы бар әлеуетке назар аударылды. Тиісті бағыттағы байланыстарды белсендірудің бір тетігі – екі ел азаматтарының қатынауы үшін виза рәсімдеу мәселесі болып табылатыны белгілі. Осыған орай Министр А.Бухабибпен Қазақстан мен Ливан азаматтары үшін екі арада визалық жеңілдіктер енгізу мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде ливандық тарап Бейруттың халықаралық әуежайында виза беру тәртібіне кіретін елдер тізіміне Қазақстанды енгізу мәселесін жақын арада қарастыратынын хабарлады.