
11 ақпанда Алеппоға арнайы сапармен келген Қазақстан делегациясы Сирия Араб Республикасының Денсаулық сақтау министрі Хасан Аль-Ғаббаш және Алеппо аймағының әкімі Хусейн Диабпен кездесті. Сириялық өкілдер сұмдық зілзаладан жапа шеккен осы араб еліне Қазақстанның берген ағайындық көмегіне және қиын сәттегі жұбату сөздеріне дән ризашылығын білдірді. Өзі Алеппоның тумасы болып табылатын министр Хасан Аль-Ғаббаш Сирия халқы мен басшылығы жәрдем беру туралы шешім қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына шексіз алғысын және ең ізгі тілектерін жолдайтынын жеткізді. Хусейн Диаб көрсетілген ауқымды көмектің өзектілігін атап өтіп, оның рухани маңызы да Сирия үшін ерекше екендігін айтты.
Өз кезегінде Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдаулет сириялық тарапқа орын алған қасіретке байланысты көңіл айтып, достас елдің осы ауыртпалықты еңсеруін және тұрақтылық пен бақ-берекеге кенелуін тіледі.
Сол күні Қазақстанның өкілдері Алеппо қаласының жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарында болып, қалыптасқан жағдайға шолу жасады. Сондай-ақ делегация халықаралық деңгейде, оның ішінде Қазақ елінен келген гуманитарлық көмектің үйлестірілу және мұқтаж жандарға табысталу тетіктерімен танысты.