
10 ақпанда Қазақстаннан сириялық Алеппо қаласына гуманитарлық жүк келіп жетті. Бұның алдында жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен жергілікті халыққа шұғыл көмек көрсету туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма бергені мәлім. Оған сәйкес достас елге жалпы салмағы 50 тонна құрайтын суыққа төзімді шатырлар, жылы киім-кешек, төсек жабдықтары, азық-түлік, басқа да бірінші кезектегі қажеттіліктер әзірленді.
Аталған миссия Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ислам ұйымы (АҚИҰ) арқылы жүзеге асуда. Қазақстаннан гуманитарлық көмекті тасымалдаушы алғаш рейсті АҚИҰ Бас директоры Ерлан Байдаулет бастап келді.
Алеппо әуежайында Сирия тарапына тиісті жәрдемді тапсыру шарасына Алеппо губернаторының орынбасары Абдел Қадер Дауалиби, Алеппо әуежайының директоры Мұхаммед Әл-Масри, Сириялық Қызыл Жарты Ай ұйымының өкілдері Самир Шубуки, Ахмад Самун, Анас Самаа, сондай-ақ Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы, ҚР Сириядағы Консулдығының басшысы Бақыт Арыстан және Елшіліктің Кеңесші-консулы Асқар Асылов қатысты.
Қабылдаушы тараптың атынан сөз алған Алеппо губернаторының орынбасары Абдел Қадер Дауалиби Қазақстан халқына зор алғысын білдірді. Оның пікірінше, қиын сәтте ауыртпалықты бөлісіп уақыт күттірмей көмек қолын созған бауырлас Қазақ елінің бұл жақсылығы ешқашан ұмытылмақ емес. Өз кезегінде Елші Расул Жұмалы орын алған қасіретке байланысты еліміздің атынан көңіл айтып, Сирияның жан түршігерлік табиғи апат салдарынан мүмкіндігінше тез арада айығуына үміт танытты.