
23 қарашада Қазақстанның Ливандағы елшісі Расул Жұмалы болу елінің парламент депутаттарымен кездесті. Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң шығарушы орнында Қазақстан мен Ливан достығы бойынша арнайы топ құрылған болатын. Сөз болған басқосуда аталған топтың белді мүшелерімен екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі қалпы келешек мүмкіндіктері егжей-тегжейлі талқыланды. Қос тарап өзара байланыстардың зор әлеутке ие екендігін тұжырымдай келе, оны іс жүзіне асыруға бірлесе күш салатынын айтты. Аталған бағыттағы нақты жобалардың қатарында іскер орталардың арасында тікелей байланыстар орнату, ортақ бизнес-форумдарды өткізу, Қазақстаннан Ливанға бидай, өсімдік майы, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау, екі ел азаматарының өзара визасыз қатынауына жол ашу, мәдени және ақпараттық ықпалдастықты кеңейту секілді мәселелер қамтылды. Өз кезегінде Ливанның мемлекеттік басқару жүйесінде парламент үлкен ықпалға иелік ететінін ескере отырып, депутаттар көзделген мақсаттарға жету үшін қажетті алғышарттар жасақтайтынына сендірді.