
Қазақстанның Ұлттық мерекесі – Республика күн қарсаңында Елші Расул Жұмалы “Noursat” телеарнасының тілшісіне сұхбат берді. Штаб-пәтері Бейрутта орналасқан және ағылшын тілінде тұтастай Таяу Шығыс елдеріне тарайтын осы арнаның жетекші тілшісі және Ливанда танымал қоғам қайраткері, журналист Джуейл Азизбен Қазақстанның тарихы мен мәдениеті, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен инвестициялық һәм туристтік мүмкіндіктері жайы әңгімеге арқау болды. Елші Қазақстан мен Араб әлемі, оның ішінде Ливанмен арадағы сан салалы ынтымақтастықтың тарихына қысқаша шолу жасап, бүгінгі жай-күйі мен көкжиектерін сөз етті. Сондай-ақ шетелдік іскер орталар үшін біздің елде құрылған бизнес-ахуал туралы мұғлұматтар берілді. Сұхбат барысында екіжақты байланыстарды өрбіту ісінде ақпаратпен алмасып бөлісу ерекше мәнге ие екендігі айтылды және бұндай пайдалы тәжірибе өз жалғасын табатыны жайлы келісілді.