Қазақстан Елшісі Ливан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Ливан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

2 тамызда Қазақстанның Ливан Республикасындағы Елшісі Расул Жұмалы осы елдің Президенті генерал Мишель Аунға сенім грамоталарын тапсырып ресми түрде қызметіне кірісті.

Салтанатты шарадан кейінгі сұхбат барысында мемлекет басшысына Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты, елдегі демократиялық және нарықтық реформалардың жай-күйі туралы қысқаша баяндалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ливандағы бұған дейінгі ҚР Дипломатиялық миссиясын Елшілік деңгейіне көтеру жайлы шешімі айтыла келе, Қазақстан тарапының Араб әлемімен, оның ішінде Ливанмен ықтымақтастықты дамытуға мүдделі екені жеткізілді.

Мишель Аун өз кезегінде Ливанның Қазақстанмен түрлі салаларда ықпалдастықты өрбітуге ынталы екендігін мәлімдеді. Атап айтқанда, ол екіжақты сауда-экономикалық, гуманитарлық және туристтік байланыстардың болашағына үлкен үмітпен қарайтынын сөз етті. Әңгіме соңында Ливанның Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына игі тілектерін жолдады.