
26 қыркүйекте Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы және Елшіліктің Әскери атташесі Арман Дүйсекеев Ливан оңтүстігіндегі Италияндық бітімгерлік батальонына сапармен барды. Аталған құрылым Біріккен Ұлттар Ұйымының UNIFIL бағдарламасы шеңберінде Ливан мен Израиль арасында бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтау міндетін атқаруда. Бұл іс-шараларға 2018 жылдан бері Қазақстанның офицерлері мен жауынгерлері атсалысып келеді. Тиісті миссия Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаумен қатар, отандық қорғаныс сала өкілдерінің қажетті тәжірибе жинақтауына және кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мұнда еліміздің 9 азаматы борышын өтеуде, ал жалпы алғанда халықаралық миссиядағы 48 елдің 10 мыңға жуық әскерилері жұмылдырылған. Сапар барысында Елші және Әскери атташе бітімгерлердің күнделікті қызметі және тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ шекара аумағындағы қауіпсіздік шараларының жай-жапсары бойынша ақпарат алынды.