Халықаралық «Lions Club» ұйымында кездесу туралы

Халықаралық «Lions Club» ұйымында кездесу туралы

Қазақстанның Бейруттағы Елшісі Расул Жұмалы Ливан, Иордания және Палестина бойынша Lions Clubs International филиалының өкілдерімен кездесті. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, кәсіпкерлер мен қаржыгерлердің, ғалымдар мен баспасөз жетекшілерінің басын қосқан бұл бірлестік жергілікті ортада айтарлықтай ықпалға ие. Ұйымға осындағы танымал адвокат, Ливан қазылар ассоциациасының төрағасы Камил Фенианос басшылық етеді. Жиында Қазақстанның бүгінгі жай-күйіне, ТМД кеңістігіндегі геосаяси үрдістерге қызығушылық танытылды.

К.Фенианос осы күндері өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Қытай төрағасының екі жылдық пандемиядан кейін шетелге алғаш сапарын Қазақстаннан бастағаны сияқты жәйттер біздің еліміздің соңғы уақытта арта түскен халықаралық салмағын айғақтайды деген пікір білдірді. Басқосуға қатысушылар Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне, Араб әлемімен, оның құрамдас бөлігі - Ливанмен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән бөлді. Бұл ретте өзара кездесулер, пікір алмасулар арқылы осы іске мейлінше үлес қосуға ынталы екенідігін жеткізді. Аталған мақсатта Lions филиалын Қазақстанда ашу жайлы ұсыныс айтылды. Өз кезегінде Елші қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесу барысында Қазақстан өкілі Lions Club-тың құрметті мүшесі ретінде қабылданды.

Анықтама ретінде:  Lions Clubs International — әлемнің 200-ге тарта елінде және географиялық аймақтарында шамамен 46 000 клубта 1,4 миллионнан астам мүшесі бар әлемдегі ең ірі сервистік ұйым болып саналды. 1917 жылы Чикагода (АҚШ) негізі қаланған бірлестік түрлі қайырымдылық жобалармен, оның ішінде зағип жандарға, мүгедектерге, қарт адамдарға көмектесу, аштық пен түрлі қаупті кеселдерге қарсы күресу сынды бағыттар бойынша жұмыс атқарады. Сондай-ақ ол халықтар арасында өзара түсіністікті нығайтумен, әділ басшылық пен азаматтық ұстанымдарды  таратумен, қоғам өмірінің басқа да өзекті мәселелерін еркін талқылаумен айналысады.