
Бейжің, 2025 жылғы 28 ақпан – ШЫҰ бұрынғы Бас хатшысы Чжаң Миңді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь және ШЫҰ Бас хатшысы Н.Ермекбаев, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкілдері қатысты.
ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Ш.Нұрышев Қазақстан марапатын Чжаң Миңге табыстау кезінде оның ШЫҰ Бас хатшысы ретінде барлық мүдделі тараптармен өзара әрекеттесуді қамтамасыз еткенін, көпсалалы ынтымақтастықты нығайтқанын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырыстарында ұсынған бірқатар бастамаларды, соның ішінде «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін» ШЫҰ бастамасын ілгерілеткенін атап өтті.
Ш.Нұрышев Чжаң Миңге 2024 жылғы 4 шілдеде Қазақстанның Ұйымдағы төрағалығы кезінде Астанада өткен ШЫҰ саммитін сәтті өткізуді қамтамасыз еткен Хатшылықтың сапалы жұмысы үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде, Чжаң Миң Қазақстанның ШЫҰ шеңберіндегі маңызды рөлін атап өтіп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жоғары марапат үшін алғыс айтты және ШЫҰ жаңа Бас хатшысы Н.Ермекбаевқа «Шаңхай рухын» нығайту жолында сәттілік тіледі.