
Бейжің, 2024 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Нинся-Хуэй автономиялық ауданының Сыртқы істер басқармасының басшысы Бай Юйчжэньмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Нинся-Хуэй автономиялық ауданы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері және шөлейттенуге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды. Ресми тұлғалар мен іскерлік қоғамдастық деңгейіндегі өзара байланыстардың оң серпіні атап өтілді.
Өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында Ш.Нұрышев Қазақстанның Нинся-Хуэй автономиялық ауданымен жоғарыда аталған салаларда өзара іс-қимыл жасауға мүдделілігін атап өтіп, қытайлық әріптеске Қазақстан өңірлерінің инвестициялық және сауда мүмкіндіктерін зерделеуді ұсынды. Осы тұрғыда Елші Мемлекет басшысының биылғы жылы қыркүйектің басындағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын атап өтті.
Қытай тарапы сауда-экономикалық салада қазақстандық өңірлермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін ескере отырып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Тараптар алдағы іс-шаралар кестесі, оның ішінде биылғы «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» және алдағы «Қазақстандағы Қытай туризмі жылы», сондай-ақ «Қытай-Орталық Азия» форматы бойынша пікір алмасты.
Анықтама: Нинся-Хуэй автономиялық ауданы Орталық Қытайдың солтүстік бөлігінде орналасқан. Өңірде 7,25 млн. адам тұрады. Нинся тұрғындарының көпшілігі хань (62%) және хуэй (34%), сондай-ақ маньчжурлар (0,4%). Бұл аудан хуэй (дұнған) ұлтының тұратын жері.
2023 жылы ауданның ЖӨӨ көлемі 73,2 млрд. (+6,6%), ал Қазақстанның 2023 жылы НХАА-мен тауар айналымы 25,7 млн. долл. құрады.