
Бейжің, 2024 жылғы 13 маусым – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай Ұлттық музейінің директоры (министрдің орынбасары деңгейінде) – ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Гао Чжэнмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар мәдениет және музей ісі саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдени орталықтарын ашуға қатысты мәселелерін талқылады.
Ш.Нұрышев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы Қазақстан-Қытай қатынастарының белсенді серпінмен дамып отырғанын атап өтіп, өткен жылдың қараша айында қол қойылған Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдени орталықтарын ашу туралы келісімнің маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Ш.Нұрышев тарихи және мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру саласында өзара тәжірибемен алмасу практикасын одан әрі кеңейту қажеттілігін атап өтті. Сұхбат барысында «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясындағы өткізілетін іс-шараларды және Қазақстан Ұлттық музейінің осы жылдың күзінде Қытайдың үш қаласында көрмелер өткізу жөніндегі жоспарларын талқылады.
Өз тарапынан Гао Чжэн Қытай Ұлттық мұражайының ағымдағы қызметі, өткізілетін іс-шаралары және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарлары туралы хабардар етті, сондай-ақ көтерілген мәселелердің маңыздылығына назар аударып, қытай тарапының өзара белсенді іс-қимылға дайындығын білдірді.
Сонымен қатар, Гао Чжэн Қытай Ұлттық музейінің археология институтымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында қазба жұмыстарын жүргізу бойынша қолданыстағы жобалар туралы айтып берді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тығыз ынтымақтасуға уағдаласты.
2023 жылғы мамырда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға сапарының қорытындысы бойынша, мемлекет басшылары 2024 жылды «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп жариялады. Туризм жылының салтанатты ашылуы ағымдағы жылдың 29 наурызында Бейжің қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу мен ҚКП ОК Насихаттау бөлімінің басшысы Ли Шулейдің қатысуымен өтті.