Бейжің, 2024 жылғы 7 маусым - Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Боао азиялық форумының (БАФ) жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Чжан Цзюньмен кездесті.
Тараптар Қазақстанның БАФ-та өкілдігін одан әрі кеңейту, «Астана» халықаралық форумының алаңында бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және жаһандық экономикалық дамудың негізгі мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Елші Ш.Нұрышев Чжан Цзюнді БАФ-тың Бас хатшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, форум аясында Қазақстанның бастамаларына көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Ш.Нұрышев Қазақстан құрылтайшы мемлекеттердің бірі бола отырып, беделді халықаралық алаң ретінде Боао азиялық форумымен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Чжан Цзюнь Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың наурыз айында БАФ-тың 23-ші сессиясына қатысуын жоғары бағалап, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Бас хатшы Чжан Цзюнь Боао азиялық форумының Қазақстанның халықаралық күш-жігерін қолдауға және бүкіл Азия өңірінің дамуына жәрдемдесуге дайындығын растады.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар 2025 жылы БАФ мерейтойлық іс-шараларын өткізу жоспарларын талқылап, барлық өзекті мәселелер бойынша белсенді диалогты жалғастыруға келісті.
Боао азиялық форумы - аймақтық экономикалық интеграцияны ілгерілетуге және Азия мемлекеттерінің бірлескен дамуына ықпал етуге арналған үкіметтік және коммерциялық емес халықаралық ұйым.
БАФ мемлекет қайраткерлері, іскер топтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, ірі ғалымдар мен талдаушылар үшін Азия елдерінің одан әрі даму мәселелері мен перспективалары бойынша пікір, болжамдар мен жаңа идеялармен алмасуды және олардың әлемнің басқа өңірлерімен диалогын жүзеге асыру мақсатында, әмбебап алаң ретінде қызмет атқарады.