
Бейжің, 2024 жылғы 27 мамыр – ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев 2024 жылғы 23-27 мамыр аралығында Шэньчжэнь қ. өткен «ICT Competition 2023-2024» халықаралық байқауында жеңіске жеткен қазақстандық студенттермен кездесу өткізді.
Елші жас қазақстандықтарды осындай беделді халықаралық деңгейдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар конкурсындағы жеңісімен құттықтап, осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін «Huawei» компаниясының басшылығына алғысын білдірді.
Кездесу барысында Елші студенттерді Қазақстан мен Қытай арасындағы инновациялар, ғылым және технологиялар, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың жағдайымен таныстырды. Атап айтқанда, қазақстандық дипломат өз сөзінде 2024 ж. 23 мамырда Астана қ. өткен Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы комитетінің Инновациялық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің бірінші отырысының қорытындыларын, 2023 ж. ашылған «Лу Бань шеберханасының», сондай-ақ Солтүстік-батыс политехникалық университеті мен Қазақстандағы Гонконг CityU университетінің филиалдарының жұмыс қызметін атап өтті.
Елші «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясын инновациялар мен телекоммуникациялар саласындағы бірлескен екіжақты жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Анықтама: «Huawei» жыл сайын студенттерге бәсекеге түсуге және идеялармен алмасуға, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын кеңейтуге, сондай-ақ инновацияларға қабілеттілігін дамытуға мүмкіндік беретін «ICT Competition» әлемдік байқауын өткізеді. Байқау үш кезеңнен тұрады: ұлттық, аймақтық және жаһандық финал.
«ICT Competition 2023-2024» жаһандық финалы 2024 ж. 23-27 мамыр аралығында Шэньчжэнь қ. өтіп, қазақстандық студенттер бірінші орынға ие болды.