
Бейжің, 2024 жылғы 30 сәуір – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Мяо Дэйюмен (министрдің орынбасары дәрежесінде) кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар түрлі салалардағы қазақстан-қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту келешектері және ағымдағы жылы жоспарланған екіжақты сапарлар мен жоғарғы және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі туралы пікір алмасты.
Ш.Нұрышев Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы оң динамика көрсетіп отырғанын, мемлекет басшыларының өткен сапарлары мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарын жаңа деңгейге көтергенін, ал ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Е.Қошановтың ҚХР-ға жақында жасаған сапары парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға қосымша серпін бергенін атап өтті.
Өз тарапынан Мяо Дэйю көтерілген мәселелердің маңыздылығына назар аударды және Қазақстанның ШЫҰ-ға ағымдағы төрағалығы шеңберінде жоспарланған алдағы іс-шараларды мазмұнды толықтыру мақсатында Қытай тарапының белсенді ат салысуға дайындығын білдірді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тығыз әрекеттесуді жалғастыруға келісті.