
Бейжің, 2023 жылғы 22 желтоқсан – Қазақстанның Шаңхай ынтымақтастық ұйымындағы (ШЫҰ) төрағалығы аясында Ұйымның Хатшылығында «Жасыл экономикаға апарар жолда: ШЫҰ өңіріндегі орнықты даму стратегиялары» атты тақырыптағы «ШЫҰ Моделі» интерактивті ойыны өтті. Іс-шараны ШЫҰ Хатшылығының қолдауымен Ұйымда 2023-2024 жылдары аралығындағы қазақстандық төрағалық ету кезеңіне орай қабылданған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігі ұйымдастырды.
Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің оннан астам жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері, ШЫҰ Хатшылығының басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық дипломаттар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ШЫҰ Хатшылығы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Нұрлан Аққошқаров 2024 жыл «ШЫҰ Экология жылы» болып жариялануына байланысты іс-шара тақырыбының өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат тұрақты даму бағытын ілгерілетудегі жас ұрпақтың белсенді рөліне назар аударды.
ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Ермекбаев өз алғы сөзінде «ШЫҰ Моделі» интерактивті ойынын өткізу Ұйымға мүше мемлекеттері мен Хатшылық үшін жақсы дәстүрге айналғанын айтты. Бас хатшының орынбасары «Шаңхай рухын» нығайтуға және ШЫҰ мүше-елдерінің жастары арасында өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал ететін осындай іс-шаралардың маңыздылығына назар аударды.
Іс-шара барысында Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің студенттері ШЫҰ жұмыс тетіктеріне еліктейтін білім беру ойнына қатысып, оның барысында сарапшылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасу өтті.
Конференцияның соңында ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтың атынан белсенді және үздік қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.