
Бейжің, 2023 жылғы 23 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытайдағы Қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAC) белсенділерімен кездесу өткізді.
Елші студенттерді Қазақстанның дамуының жаңа саяси бағытымен, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси және экономикалық реформалардың іске асырылу барысымен, оның Қазақстан халқына Жолдауының мазмұнымен, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай екіжақты қатынастарының ағымдағы жағдайымен және келешектерімен таныстырды.
Кездесу барысында қазақстанның студенттік қоғамдастығын толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, 2024 жылы жоспарланған бірлескен мәдени және спорттық іс-шараларға, сондай-ақ ең үздік студенттердің дипломатиялық мекемелерде және ҚР СІМ Орталық аппаратында тағылымдамадан өтуіне қатысты пікір алмасты. Сонымен қатар, студенттер қауымдастығының қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Ш.Нұрышев Қазақстанның жас азаматтарына сапалы білім алу, болу елінің заңдары мен университеттердің ережелерін сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды. Қытай тілін білетін жас мамандардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кіру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілету бойынша үлкен мүмкіндіктері мен перспективалары бар екендігі туралы хабарлады.
Елші 4 мыңға жуық адамды біріктіретін Елшілік қолдауымен жұмыс істеп жатқан Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығына оң баға берді. Қазақстандық студенттердің еліміздің оң имиджін ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтіп, қоғамдық және волонтерлік қызметке белсенді қатысуға шақырды.
Жыл қорытындысы бойынша KSAC-тың белсенді мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.