Қытайда Б.Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығына арналған естелік концерт өтті

Қытайда Б.Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығына  арналған естелік концерт өтті

Гуанчжоу, 2023 жылғы 11 желтоқсан – Мемлекет басшыларының уағдаластықтарын жүзеге асыру мақсатында Гуанчжоу қ. қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамов пен қытайлық композитор Сянь Синхайды еске алуға арналған концерт өтті.

Концертте Қазақстанның Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясының симфониялық оркестрі Гуанчжоу симфониялық оркестрінің музыканттарымен және Оңтүстік Қытай педагогикалық университетінің хор тобымен бірлесіп өнер көрсетті. Сянь Синхайдың «Қазақ биі», «Амангелді», «Сары өзен туралы Кантата» сияқты танымал шығармаларымен қатар Б.Байқадамовтың хорға жазылған «Су тасушы қыз» және «Домбыра биі» шығармалары алғаш рет симфониялық оркестрмен бірлесіп орындалды.

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде қазақстандық композитордың қызы Балдырған Байқадамова қатысып, ол екі композитордың шынайы достығының тарихымен бөлісті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сянь Синхай Алматы қ. Б.Байқадамовтың үйінде тұрып, өзінің ең танымал «Ұлт азаттығы», «Қасиетті соғыс» және т.б. шығармаларын жазды.

Концерт Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің, сондай-ақ Гуандун провинциясының Мәдениет және туризм департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды.