Қазақстанның кешенді жоспары Қытайдағы энергетикалық форумда таныстырылды

Қазақстанның кешенді жоспары  Қытайдағы энергетикалық форумда таныстырылды

Бейжің, 2023 жылғы 7 желтоқсан – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Энергетикалық ауысу және қауіпсіз даму үшін практикалық ынтымақтастық» тақырыбындағы 10-шы Энергетикалық компаниялар басшыларының халықаралық форумына қатысты.

Аталған форум ҚХР Энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясымен ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының, ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Шаньдун өлкесі үкіметінің, қытайдың «CNPC», «Sinopec», «CNOOC», «PetroChina International», «PipeChina», «China Huaneng», «Goldwind» сияқты ірі мұнай-газ компанияларының, жетекші талдау орталықтары мен зерттеу институттарының, соның ішінде «S&P Global Commodity Insights», «Forecast Think Tank», «ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің зерттеу орталығының» басшылары, сондай-ақ Қытайда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Ш.Нұрышев 2023-2027 жылдарға арналған Қазақстан Үкіметі бекіткен инвестиция көлемі 37,3 млрд. долларға жетуі көзделген ірі мұнай-газ және мұнай-химия жобаларын дамыту жөніндегі кешенді жоспар туралы хабардар етті. Ол Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы ынтымақтастығы өзара тиімді және стратегиялық сипатқа ие екеніне назар аударды. Қазақстандық дипломат еліміздің Қытаймен тек мұнай-газ саласында ғана емес, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін және жасыл экономиканы дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын атап өтті.  

Іс-шара аясында «жасыл» және төмен көміртекті даму, жаңа энергетикалық технологиялар, ESG қағидаттарын енгізу мен жаһандық мұнай-газ нарығының үрдістері тақырыптарын қозғайтын 4 сессиялар өткізілді.