Қытайда АӨСШК талдау орталықтарының форумы өтті

Қытайда АӨСШК талдау орталықтарының форумы өтті

2023 ж. 28 тамыз, Синин – 2023 ж. 28-29 тамызда Синин қ. (Цинхай ө.) гибридтік форматта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Талдау орталықтарының форумы өтті.

Цинхай ө. Халық үкіметі, Шанхай халықаралық зерттеулер академиясы және АӨСШК Хатшылығы ұйымдастырған іс-шараға АӨСШК Бас хатшысы Қ.Сарыбай, Цинхай ө. басшылығы, Шанхай халықаралық зерттеулер академиясының президенті Чэн Дунсяо, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Ш.Собирзода, сондай-ақ ҚХР-да аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері мен АӨСШК-ға қатысушы елдердің жетекші сарапшылары қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік таңында бастамашылық еткен Кеңесі өткен үш онжылдықта Азия құрлығындағы көпжақты дипломатияның тиімді және беделді алаңына айналғанын атап өтті. Қазіргі уақытта АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға біртіндеп трансформациялау үшін барлық қажетті әлеуетке ие екенін атап өтті.

Елші Қазақстанның осы бастамасын жан-жақты қолдағаны үшін қытай тарапына алғысын білдіріп, АӨСШК талдау орталықтары форумының жұмысын жоғары бағалады. 2014 ж. қытай тарапының бастамасымен құрылған Талдау орталықтарының форумы Азия континентінде өңірлік қауіпсіздік және сенім шараларын күшейту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Форум аясында АӨСШК елдерінің жетекші сарапшылары мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қауіпсіздік, өркениеттерді өзара зерттеу, және АӨСШК-ні одан әрі дамыту тақырыптары бойынша 3 пленарлық сессия өтті.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форум болып табылады. Қазіргі уақытта АӨСШК құрамына 28 мүше мемлекет,             9 байқаушы-мемлекет, сондай-ақ 5 байқаушы-ұйым кіреді.