
Бейжің, 2023 жылғы 21 тамыз – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Ляньюньган қ. мэрінің орынбасары Сун Бомен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытайдың көліктік-транзиттік саладағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жоспарларды белгіледі.
Қытай тарапы Ляньюньган портының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұсынылғанына 10 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар өткізу жөніндегі қалалық Халық үкіметі жоспарлары туралы хабардар етті. Сун Бо Цзянсу ө. мен Ляньюньган қ. Халық үкіметтері өңіраралық ынтымақтастықты тереңдету және қос елдің іскер топтарының қатысуымен бірқатар кездесулер өткізу үшін Қазақстанға сапар шегуді жоспарлап отырғанын айтты.
Өз кезегінде Ш.Нұрышев Казақстан мен Қытай арасындағы сауда үшін Ляньюньган портындағы қазақстандық-қытайлық терминалдың ерекше рөлін атап өтті. Қазақстан елшісі қытайлық тараптың назарын екіжақты саудадағы жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша Сун Бо қазақстандық тарапты 2023 ж. 15 қыркүйекте өтетін «Қытай-Еуропа» жүк пойыздарының ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды.
2015 ж. бастап Ляньюньган портында қазақстандық-қытайлық логистикалық терминал жұмыс істейді. Жоба Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Қытайдан, Жапониядан, Корея Республикасынан және ОША елдерінен жүктерді қабылдау мен жинауға бағытталған. Іске қосылған сәттен бері терминал арқылы 1,6 млн. астам контейнер тасымалданды.