
2023 ж. 31 шілде (Бейжің қ.) – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Нинся-Хуэй автономиялық ауданының Халықаралық бөлімінің басшысы Бай Юйчжэньмен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстанның облыстары мен Нинся-Хуэй автономиялық ауданы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері және шөлейттенуге қарсы күрес сияқты салалардағы өңірдің жетістіктерін ескере отырып, Ш.Нұрышев Қазақстанның Нинся-Хуэй автономиялық ауданымен өзара іс-қимыл жасауға мүдделілігін атап өтіп, қытайлық әріптестерге Қазақстан өңірлерінің инвестициялық және сауда мүмкіндіктерін барынша мұқият зерделеуді ұсынды.
Қытай тарапы өз кезегінде сауда-экономикалық қатынастар және гуманитарлық алмасулар саласында қазақстандық өңірлермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, екі елдің өңірлері арасындағы бауырластық байланыстарды кеңейту мақсатында Бай Юйчжэнь «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығы шеңберінде Қазақстан өңірлерінің өкілдерін 2023 ж. 19 қыркүйекте «3-ші Нинся мен бауырлас қалалардың форумына» және 2023 ж. 20 қыркүйекте өтетін 6-ші «Қытай-Араб елдері» халықаралық көрмесіне шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша жақын арада Нинся-Хуэй автономиялық ауданы делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Нинся-Хуэй автономиялық ауданы Орталық Қытайдың солтүстік бөлігінде орналасқан. Өңірде 7,25 млн. адам тұрады. Нинся тұрғындарының көпшілігі Хань (62 %), хуэй (34 %) және маньчжурлар (0,4%) болып табылады. Аудан – хуэй (дунгандар) ұлтының тарихи отаны.
2022 ж. ауданның ЖӨӨ көлемі 72 млрд.долл. (+4%), НХАА сыртқы сауда айналымының көлемі – 8 млрд.долл. (+23,7%).