
Бейжің, 2023 жылғы 1 тамыз – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «CITIC Group» корпорациясының Басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ҚР-да энергетика, банк қызметі, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және басқа салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру сұрақтары талқыланды.
Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдаған шаралармен таныстырды. «CITIC Group» корпорациясының әлеуетін ескере отырып, ол экономиканың шикізаттық емес салаларында жаңа технологияларды тарта отырып, жоғары қосалқы құны бар өнім шығыратын жаңа жобаларды іске асыруға шақырды. Елші ҚР-да іске асырылып жатқан автожол жобаларын уақтылы аяқтау қажеттігіне назар аударды.
Чжу Хэсинь Елшіге ҚР-дағы инвестициялық жобаларды іске асырудың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы хабардар етіп, мәселені бірлесіп одан әрі ілгерілетуге үміт білдірді.
Өз кезегінде Елші Чжу Хэсинді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында қос тарапқа ыңғайлы уақытта Қазақстанға келуге шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар салынып жатқан объектілерді іске асыруды жеделдету, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы перспективалық инвестициялық жобаларды зерделеу мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
«СІТІС Group» қытай корпорациясы, 1979 ж. құрылған. Корпорация қаржылық-банктік қызметпен, сақтандырумен және инвестициялармен айналысады.
Корпорацияның операциялық кірісі 2022 жылы 96,1 млрд. долл., ал таза пайда-4,8 млрд. долл. құрады. 2022 ж. қорытындысы бойынша «CITIC Group» «Fortune Global 500» компанияларының халықаралық рейтингінде 102-ші орынды алды.