Қазақстандық тауарлар Қытайда танымал

Қазақстандық тауарлар Қытайда танымал

Бейжің, 2023 жылғы 16 маусым – Қытайдың астанасында «JD.сom» электрондық алаңының 20 жылдығына арналған форум өтіп, оның шеңберінде платформаның құрылған күннен бастап негізгі жетістіктерімен таныстырылды.

Іс-шараның қонақтары Бейжіңде аккредиттелген дипломатиялық миссиялары, ҚХР мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері болды. Қазақстандық тараптан аталған іс-шараға Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Асқар Шалқарбаев қатысты.

А.Шалқарбаев өзінің сөз сөйлеуінде Қазақстан экономикасы үшін трансшекаралық электрондық коммерцияны дамытудың маңыздылығын атап өтті. Биылғы жылы мамырда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның ұлттық павильонының сәтті іске қосылуы қазақстандық тауарларды белсенді ілгерілетуге ықпал еткенін және қытайлық тұтынушылардың «Made in Kazakhstan» өніміне деген кең қызығушылығын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат қытай нарығына органикалық және экологиялық таза қазақстандық өнімдерді жеткізуді ұлғайту жоспарларымен бөлісті.

Іс-шара аясында А.Шалқарбаевтың «JD Group» аға вице-президенті          Яо Яньчжунмен кездесуі өтіп, оның барысында еліміздің ұлттық павильонын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын айқындау мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға уағдаласты.

Қытайлық корпорация «JD Group» 1998 ж. құрылған. Компанияның жарғылық капиталы 785 млн. долл., жиынтық активтер – 83 млрд. доллар. 2023 ж. 18 мамырда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың ҚХР-ға сапары аясында «JD.com» алаңында Қазақстанның ұлттық павильонының ресми ашылу салтанаты өтті. Павильонда қазақстандық өнімнің 25-тен астам түрі ұсынылған, қазіргі уақытта жазылушылар саны 105 мың адамнан асады.