
Бейжің, 2023 жылғы 10 сәуір - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Айцзю» корпорациясының Басқарма төрағасы Цзя Хэимен кездесу өткізді. Оның барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, Цзя Хэй қазақстандық дипломатты корпорацияның Қазақстандағы ағымдағы қызметі туралы, оның ішінде Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы сауда-логистикалық орталықтар салу жөніндегі жобалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.
Сонымен бірге, сұхбат барысында «Айцзю» кәсіпорны негізінде Шэньси өлкесінде оқитын қазақстандық студенттерге арналған өндірістік тәжірибе орталығын ашу мүмкіндігі талқыланды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындау және бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларын одан әрі іске асыру мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.