Қытайлық жетекші сарапшылар Қазақстанда өткен сайлаудың қорытындылары туралы ақпараттандырылды

Қытайлық жетекші сарапшылар Қазақстанда өткен сайлаудың қорытындылары туралы ақпараттандырылды

Бейжің, 2023 жылғы 28 наурыз – Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясының Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия институтында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Еуразия мәселелеріне маманданған жетекші қытайлық сарапшылармен кездесу өткізді.

«Quick talks» форматында өткен кездесуге ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту орталығы, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы және Қытай халықаралық проблемалар академиясы сияқты беделді талдау орталықтарының басшылары мен сарапшылары қатысты.

Ш.Нұрышев өз сөзінде қатысушыларды өткен парламенттік сайлаудың қорытындыларымен егжей-тегжейлі таныстырып, алдымен Президент сайлауын, содан кейін Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауын дәйекті өткізу саяси жаңару циклін аяқтағанын және енді биліктің барлық тармақтарына елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін шешуге баса назар аударуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі елдер арасындағы ықпалдасу тақырыбын айта отырып, Елші 2023 жылы Қытайда бірінші саммиті өтетін «Орталық Азия - Қытай» форматындағы өзара іс-қимылға қолдау білдірді.

Ш.Нұрышев сондай-ақ қазақстандық тарап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жоспарланған мемлекеттік сапары барысында жаңа серпінді уағдаластықтарға қол жеткізуге мүдделі екенін ерекше атап өтті. Ол еліміздің жоғары технологиялар, цифрландыру, жасыл даму, инновациялар, көлік және логистика салаларындағы іс жүзіндегі ынтымақтастыққа мүдделілігін растады.

Өз тарапынан қытайлық сарапшылар Қазақстандағы ағымдағы жағдай және жалпы әлемде болып жатқан оқиғалар туралы өз пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер қазіргі жаһандық жағдайға және ішкі саяси үрдістерге сәйкес келетіні атап өтілді. Олар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстанның саяси және экономикалық жүйелерін реформалау жөніндегі дәйекті бастамаларына жоғары баға берді.

Олардың пікірінше, күрделі геосаяси жағдайда біздің елдеріміз үшін өзара берік қолдау көрсету, сондай-ақ өңірдегі жеткізілім тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұрғыда кездесуге қатысушылар «Бір белдеу, бір жол» шеңберінде ірі өзара тиімді экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыруға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударуды ұсынды.

Кездесудің соңында іс-шараға қатысушылар екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың кең перспективаларын атап өтті, ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейін жоғары бағалады, сондай-ақ байланыстарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.