«Орталық Азия – Қытай» индустриалдық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

«Орталық Азия – Қытай» индустриалдық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Циндао, 2023 жылғы 16 ақпан – ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті (ДРМК) мен Шаньдун өлкесі Халық үкіметінің ұйымдастыруымен гибридтік форматта «Орталық Азия – Қытай» индустриалдық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі 1-ші форум өтті.

Форумның ашылу салтанатында ДРМК басшысы Хэ Лифэн ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің іс-шараға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді.

Сондай-ақ, ашылу салтанаты рәсімі кезінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Қырғыз Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Зиезода Сулаймон, Түркіменстан Премьер-Министрінің орынбасары Ходжамырат Гелдимурадов және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев бейне үндеу жолдады.

Р.Скляр өз сөзінде форум өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі сұрақтарын талқылау үшін тиімді алаңға айналатынына сенім білдірді. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және өңірдегі маңызды инвесторлардың бірі екені атап өтілді.

Іс-шара барысында индустриалдық интернет, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын 4 негізгі сессия мен 3 параллельді қосалқы форумдар өтті. Аталған алаңдарда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша Үкімет тарапынан қабылданып отырған шаралар, сондай-ақ бірлесіп жүзеге асыруға арналған нақты әлеуетті жобалар ұсынылды.

Форумның қорытындысы бойынша Циндао индустриалдық-инвестициялық кооперация бастамасы қабылданып, өңірдегі тиімді индустриалдық-инвестициялық ынтымақтастықтың үлгілеріне айналған жобалардың тізімі ұсынылды.