
Бейжің, 2023 жылғы 3 ақпан– Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Ляньюньган қ. Партия комитеті хатшысының орынбасары – Мэрдің орынбасары Ян Синьчжуньмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы транзиттік-көлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, инвестиция және электрондық сауда салаларындағы ынтымақтастық жоспарларын белгіледі.
Ш.Нұрышев Ляньюньган портындағы қазақстандық-қытайлық терминалдың ерекше рөлін атап өтіп, 2022 ж. ҚР мен ҚХР арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі рекордтық 23,1 млн. тоннаға дейін жеткенін және 2021 ж. көрсеткіштен 14,5%-ға өскенін хабарлады.
Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі қытайлық тараптың назарын екіжақты саудадағы жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды. Атап айтқанда, Қытайдан және ҚХР арқылы транзитпен өтетін Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен контейнерлік жүктерді Қазақстанға жеткізуде туындайтын кідірістер туралы мәлімдеді.
Өз тарапынан Ян Синьчжунь Ляньюньган портының даму перспективалары және биыл 10 жылға толатын «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі ілгерілету жөніндегі Халық үкіметінің жоспарлары туралы хабардар етті. Мэрдің орынбасары қазақстандық тарап көтерген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, олар бойынша белсенді өзара іс-қимылға дайындығын білдірді. Оған қоса, Ляньюньган қ. компаниялардың инвестициялау және электрондық сауда саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында қазақстандық серіктестермен байланыс орнатуға және ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірді.
Кездесу соңында тараптар ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен Ляньюньган қ. Халық үкіметі арасындағы, оның ішінде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдарды ынталандыру мәселелері бойынша тығыз байланыстарды сақтауға келісті.
2015 ж. бастап Ляньюньган портында қазақстандық-қытайлық логистикалық терминал жұмыс істейді. Жоба Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Қытайдан, Жапониядан, Корея Республикасынан және ОША елдерінен жүктерді қабылдау мен жинауға бағытталған. Іске қосылған сәттен бері терминал арқылы 1,6 млн. астам контейнер тасымалданды.