
Бейжің, 2022 жылғы 23 қараша – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Ғылым және технологиялар министрінің орынбасары Чжан Гуанцзюньмен кездесті.
Кездесу барысында ғылым мен технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылды, сондай-ақ ү.ж. қыркүйекте Қытай көшбасшысының біздің елге мемлекеттік сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында қол жеткізілген кейбір уағдаластықтарды іске асыру жолдары талқыланды.
Ш.Нұрышев сұхбаттасушыға елімізде «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтып, жақында өткен кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындылары туралы ақпараттандырды. Қазақстандық дипломат Президент Қ.Тоқаевтың ҚР-да білім беру жүйесін оқытудың жоғары технологиялық мамандықтарды дамыту және жалпы инженерлік-техникалық кадрлар санын ұлғайту жағына қайта форматтау қажеттілігі туралы бастамасын бөлек атап өтті.
Сонымен бірге, жоғары технологиялар, жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрландыру және электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша екі мемлекет көшбасшыларының арасындағы уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Елшісі қытайлық тарапқа Қазақстан-Қытай технологиялық ынтымақтастық орталығын, сондай-ақ ҚР-ҚХР Ынтымақтастық жөніндегі комитеті шеңберінде Инновациялық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетті құру мүмкіндігін зерделеуді ұсынды.
Өз тарапынан Чжан Гуанцзюнь Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістердің бағытына жоғары баға берді, сондай-ақ қазақстандық тарап ұсынған бастамалар мен көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтті. ҚХР Ғылым және технологиялар министрінің орынбасары олар бойынша қытайлық тараптың белсенді өзара ықпалдасуға дайындығын білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғылыми-зерттеу құрылымдары арасында тікелей байланыстар орнату мәселесі бойынша терең пікір алмасу болды. Тараптар ҚР және ҚХР ғалымдары үшін өзара ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру жоғарыда көрсетілген салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне келісті.
Кездесудің соңында сұхбаттасушылар ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР Ғылым және технологиялар министрлігі арасында, соның ішінде ШЫҰ және «Орталық Азия – Қытай» онлайн-саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған 2022-2025 жж. арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде ғылым және жоғары технологиялар саласындағы бірлескен іс-шараларды іске асыру мәселелері бойынша тығыз байланыста болуға уағдаласты.