Қазақстан «Орталық Азия-ҚХР» форматы шеңберіндегі ынтымақтастықты қолдайды

Қазақстан «Орталық Азия-ҚХР» форматы шеңберіндегі ынтымақтастықты қолдайды

Бейжің, 2022 жылғы 8 қараша - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Орталық Азия - Қытай» форматына қатысушы-елдердің жетекші стратегиялық зерттеулер институттары ұйымдастырған «Орталық Азия – Қытай» талдау орталықтары екінші форумының жұмысына қатысты. Биылғы форумның тақырыбы – «Орталық Азия және Қытай: бірлескен дамудың жаңа жолы» деп белгіленді.

Іс-шараның қонақтары ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті (ҚКП ОК) 20-шақырылымының мүшесі, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті Гао Сян, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ҚХР-да аккредиттелген Орталық Азия елдері дипломатиялық миссияларының басшылары мен қызметкерлері, Қытайдың орталық мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу құрылымдары, іскерлік ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ БАҚ болды.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ш.Нұрышев Қазақстан өзін жан-жақты өзара ықпалдасу, сенім мен тату көршілік ахуалын нығайту үшін тиімді диалог алаңы ретінде көрсеткен «Орталық Азия - Қытай» форматындағы ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті.

Осы ретте қазақстандық дипломат тараптарды ү.ж. 25 қаңтарда өткен «ОА-Қытай» онлайн-саммитінің қорытындылары бойынша мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыру мақсатында қабылданған 2022-2025 жж. арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасын іс жүзінде жүзеге асыруға шақырды.

Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі іс-шараға қатысушыларға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған жан-жақты реформалар және еліміз үшін алдағы кезектен тыс президенттік сайлаудың маңыздылығы туралы айтты.

Ашылу салтанатында ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй де сөз сөйледі. Ол ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Идің құттықтау жеделхатын оқыды. Ван И Қытай әрқашан Орталық Азия мемлекеттерінің достық көршісі және сенімді серіктесі болып қала беретініне сендірді, сондай-ақ ҚХР-дың аймақтың елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін білдірді.

Сонымен бірге, Форумның жұмысына ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов қатысты. Ол «Геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан мен Қытай қатынастарын дамыту» тақырыбында сөз сөйледі.

Форум аясында екі тақырыптық сессия өтті, олардың барысында ғылыми-зерттеу құрылымдарының жетекші сарапшылары «Орталық Азия – Қытай» форматын одан әрі дамыту және жетілдіру жолдарын талқылады.