
Бейжің, 2022 жылғы 28 қазан – Қытай жұртшылығы тарапынан біздің елімізде болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістерге, сондай-ақ Қазақстанның белсенді сыртқы саяси қызметіне кең қызығушылық аясында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі жетекші қытайлық БАҚ үшін үлкен баспасөз брифингін ұйымдастырды.
Оның барысында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев іс-шараға қатысушыларға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған жан-жақты реформалары және еліміз үшін алдағы кезектен тыс президенттік сайлаудың маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Өз сөзінде Ш.Нұрышев биылғы жылы 30 жылдық мерейтойлық межені өткен екіжақты қарым-қатынастар тақырыбын қозғады, сондай-ақ журналистерді биыл Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-ші Съезі және АӨСШК 6-шы Саммитінің қорытындыларымен толық таныстырды.
Іс-шараның соңында қазақстандық дипломат журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Баспасөз брифингіне «Жэньминь Жибао», «Сhina Daily», «Global Times», «Beijing Daily», «Beijing News», «China Youth Daily» газеттері, «Қытай», «Foreign Economic Relations & Trade» журналдары, «CGTN», «Phoenix TV», «ССTV News» халықаралық телеарналары, «СRI» халықаралық радиосы, сондай-ақ «Renmin Wang», «Guangming Wang» және «Sina Online» жаңалықтар интернет-порталдары сияқты ірі қытайлық БАҚ өкілдері қатысты.