Қазақстанның Қытайдағы Елшісі «China Xinxing Group Co., Ltd.» компания басшылығымен кездесті

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі «China Xinxing Group Co., Ltd.» компания басшылығымен кездесті

Бейжің, 2022 жылғы 20 қазан – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «China Xinxing Group Co., Ltd.» корпорациясының Басқарма төрағасы Чжан Цзяньмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ҚР-да автожол жобаларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, медицина, фармацевтика және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығару сияқты ынтымақтастық бағыттары талқыланды.

Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық өзгерістер мен инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдаған шаралармен таныстырды. Елші Қазақстан басшылығы транзиттік-көліктік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Осыған байланысты ҚР-да іске асырылып жатқан автожол жобаларын уақтылы аяқтау қажеттігіне назар аударды.

Өз кезегінде Чжан Цзянь қазақстандық дипломатты еліміздегі автожолдардың құрылысы барысы мен компанияның аталған жобаларды жүзеге асыру жөніндегі алдағы жоспарлары туралы хабарлады.

Сонымен қатар, корпорация басшысы станок жасау, фармацевтика және трансшекаралық электрондық коммерция саласында бірлескен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделілігін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның азық-түлік саласындағы елеулі әлеуетін ескере отырып, қазақстандық экологиялық таза өнімді (ұн, күнбағыс майы, сүт өнімдері және т.б.) электрондық коммерциялық платформалар арқылы қытай нарығында сату үшін импорттауға дайын екендігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын жүзеге асыру үшін, ҚР Елшілігі мен «China Xinxing Group Co., Ltd.» корпорациясы арасындағы жұмыс байланыстарын қолдауды уағдаласты.

Қытайлық «China Xinxing Group Co., Ltd.» корпорациясы 1953 ж. құрылған. Корпорация 17 жыл бойы «ААА» кредиттік рейтингін сақтап келеді. Компанияның жарғылық капиталы 154 млн. долл., жиынтық активтері – 3,04 млрд. долл., қызметкерлердің жалпы саны - 6 мың адамды құрайды. Компания бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: құрылыс, инженерлік қызметтер, өндіріс пен қызмет көрсетудің озық технологиялары, медицина және электрондық сауда.