
Бейжің, 2022 жылғы 20 қазан – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Sinopec International Petroleum Exploration and Production Ltd.» компаниясының Басқарма төрағасы Го Юэлянмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында мұнай мен газды өндіру және қайта өңдеу саласындағы Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық өзгерістер аясында инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдаған шаралармен таныстырды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Елшісі ү.ж. қыркүйекте Қытай басшысының елімізге мемлекеттік сапары барысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында энергетика саласындағы өзара іс-қимылды арттыру туралы қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Өз тарапынан Го Юэлян дипломатты «Sinopec» тобының Қазақстандағы қызметінің егжей-тегжейі туралы ақпараттандырды, сондай-ақ компанияның қазақстандық тараппен газ кен орындарын игеру саласындағы ынтымақтастыққа қосымша мүдделілігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындау және бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларын одан әрі іске асыру мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.
«Sinopec International Petroleum Exploration and Production Ltd.» – «Fortune Global 500» журналы бойынша әлемдегі бесінші ірі компаниясы болып саналатын Қытайдың тігінен интеграцияланған «China Petroleum and Chemical Corporation» мұнай-химия корпорациясының еншілес компаниясы.