Қазақстан Президентінің Жолдауына Қытайдың жетекші сарапшылары жоғары баға берді

Қазақстан Президентінің Жолдауына Қытайдың жетекші сарапшылары жоғары баға берді

Бейжің, 2022 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі Қытайлық қоғамдық ғылымдар академиясындағы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының жәрдемдесуімен 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа бастамалары талқыланған дөңгелек үстелді ұйымдастырды.

Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту орталығы, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Қытайдың халықаралық проблемалар академиясы сияқты Қытайдың беделді «ақыл-ой орталықтарының» басшылары мен сарапшылары қатысты.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде қатысушыларды «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының басты бағыттарымен таныстырып, Президент жария еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар елімізде басталған ауқымды өзгерістердің қисынды жалғасы болып табылатынын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде, қытайлық сарапшылар мен орталық зерттеу институттарының өкілдері Қазақстандағы ағымдағы жағдай туралы өз көзқарастарымен бөлісіп, «Жаңа Қазақстанды» құру жолында жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге оң баға берді.

Мәселен, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту жөніндегі орталығы Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюань өз сөзінде: «Жолдау Қазақстанның жаңа дәуірдегі мемлекетті басқару тұжырымдамасын көрсететін маңызды құжат және елді трансформациялаудың күрделі мәселелерін шешу үшін стратегиялық шара болып табылады», – деп атап өтті. Ғалымның пікірінше, Қазақстанның тәуелсіздігі мен дамуының 30 жылы ішінде тек қана табыстарға қол жеткізіліп қоймай, проблемалар да жинақталды. Қазақстанның жаңа стратегиясы қазіргі халықаралық және ішкі ахуалға, сондай-ақ елдің іргелі мүдделеріне сәйкес, саяси және экономикалық реформаларды жүргізу болып табылады. Ол елімізде басталған жаңа реформалар табысты іске асырылатынына толық сенім білдірді.

Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия (ШЕРОА) институтының директоры Сунь Чжуаньчжиның пікірінше, бір реттік жеті жылдық президенттікті енгізу Қазақстанда тұрақты демократиялық модель қалыптастыруға бағытталған жүргізіліп жатқан саясаттың дәйектілігін көрсетеді.

Өз кезегінде, ШЕРОА Орталық Азия және Кавказ бөлімінің басшысы Чжан Нин ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жаңа саясаты дәйекті түрде енгізіліп жатқанын және халықтың басым бөлігінің сенімін тудыратынын атап өтті, өйткені бұл саясат жағдайды тұрақтандырғанын және жалпы алғанда ел ішінде және шетелде де оң әсер көрсететінін атап өтті.

Қытай халықаралық проблемалар академиясының Еуразия институтының директоры Ли Цзыго Президент Қ.Тоқаевтың жаңа Жолдауында нақты мақсаттар мен міндеттер белгіленгенін, ал ұсынылған шаралар сенімді және тиімді болып табылатынын, өйткені олар халықтың тыныс-тіршілігінің кең спектрін және экономиканың барлық салаларын қамтитынын баса айтты.

Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэннің пікірінше, Мемлекет басшысының жолдауы Қазақстанның жаңа дәуірдегі дамуының бағдарламалық құжаты болып табылады, сондықтан белгіленген жан-жақты реформаларды іске асыру кезінде айрықша маңызға ие.

Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының Ресей және Орталық Азия институтының директоры Дин Сяосин Қазақстанның жаңа реформалары елдегі одан әрі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал ететініне, бұл табысты даму мен өркендеудің маңызды шарты болып табылатынына сенім білдірді.

Жалпы, сарапшылар Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауы, әсіресе елдің жаңа экономикалық саясатын іске асыру бөлігінде мазмұнды болды деген пікірге келді.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қатысты қытайлық ғалымдар өңірлік ынтымақтастықты дамыту қажеттілігіне, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету үшін екі елдің қолда бар кең перспективаларына назар аударды. 2023 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстанда алғаш рет жария еткен қытайлық бастаманың он жылдығын атап өтетінін ескере отырып, сарапшылар стратегиялық сипаттағы ірі бірлескен жобаларға зейін қоюды ұсынды.

Сонымен қатар, қытайлық ғалымдар Қытай мен Қазақстан сенімді стратегиялық әріптестер болып табылатынын және Еуразиядағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Олардың пікірінше, өңірлік қауіпсіздікті арттыру және жалпы даму мақсатында ШЫҰ және АӨСШК сияқты көпжақты құрылымдар шеңберінде ҚР мен ҚХР өзара ықпалдасуды күшейту өзекті болып отыр.

Іс-шараның соңында дөңгелек үстелге қатысушылар Президент Қ.Тоқаев жүзеге асырып жатқан қайта құрулар аясында екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың ауқымды перспективаларын атап өтті, ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейін жоғары бағалады, сондай-ақ байланыстарды кеңейту мен тереңдетуге үміт білдірді.