Бейжіңде «Жібек жолы голограммасы: Қазақстанға Цифрлық туризм» жоғары технологиялық көрмесі ашылды

Бейжіңде «Жібек жолы голограммасы: Қазақстанға Цифрлық туризм» жоғары технологиялық көрмесі ашылды

Бейжің, 2022 жылғы 23 тамыз – «Шоуган» бейжіңдік индустриялық паркінде инновациялық технологияларды қолдану арқылы «Жібек жолы голограммасы: Қазақстанға Цифрлық туризм» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның қонақтары ҚХР Үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істері жөніндегі Арнаулы өкілі Ли Хуэй, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ҚХР-дың ҚР-дағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн, ҚХР мемлекеттік органдары, іскерлік топтары және БАҚ өкілдері, сондай-ақ Қытайдың көптеген туристік компаниялары болды.

Өзінің алғы сөзінде Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев қонақтарды Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен және ҚР Үкіметінің Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларымен таныстырды. Қазақстандық дипломат коронавирустық инфекцияның таралуы жалғасуының ағымдағы жағдайында Қазақстан инновациялық технологияларды қолдана отырып цифрлық туризмді дамытуға үлкен көңіл бөлетінін және осы жұмыста жаңа балама тәсілдерді қолданатынын ерекше атап өтті.

Іс-шараның қатысушыларына бейнеүндеу арқылы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, Қазақстанның туристік әлеуеті туралы айтты және инновациялық көрменің жұмысына үлкен табыс тіледі.

Тікелей павильонның өзінде келушілер виртуалды шындық технологиясын (VR) пайдалана отырып, еліміздің ең керемет және көркем жерлерінде болып, толықтырылған шынайылық (AR) көзілдірігін киіп ҚР Ұлттық мұражайының экспозицияларымен танысу арқылы Қазақстанның тарихымен және мәдениетімен тығыз байланыста бола алды.

Павильонда Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың 30 жылдық тарихына ерекше назар аударылды. Арнайы интерактивті touch-панеліне саусақты басу арқылы қонақтар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған сәттен бастап орын алған кез келген айтулы оқиғаға кіре алды.

Қазақстандық павильон қытайлық аудитория тарапынан үлкен қызығушылық тудырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Бейжің ұлттық аспаптар оркестрі әртістерінің орындауындағы мерекелік концерт іс-шараға ерекше көңіл-күй сыйлады.

«Жібек жолының голограммасы: Қазақстанға Цифрлық туризм» инновациялық көрмесі 2022 жылғы 12 қыркүйекке дейін жалғасады.