
Бейжің, 2022 жылғы 10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, философы және ойшылы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Бейжіңдегі «Цзиньтай» өнер мұражайында жыл сайынғы 7-ші «Абай оқулары» өтті.
Іс-шараның қонақтары ҚХР-да аккредиттелген бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, Қытайдың мемлекеттік органдары, академиялық және шығармашылық зиялылары, қазақ диаспорасы өкілдері, сондай-ақ, қытайлық және қазақстандық БАҚ журналистері болды.
Іс-шара 2014 жылы Бейжің қаласының «Чаоян» Орталық саябағындағы Халықаралық атақты мүсін бағында орнатылған Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды.
Қазақстанның Елшісі Шахрат Нұрышев өзінің алғы сөзінде «Абай оқуларының» қатысушыларына Абай Құнанбайұлы шығармашылығының қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына қосқан маңызды үлесі, сондай-ақ ұлы ақынның рухани мұрасының қазақ жастарының адамгершілік санасын қалыптастыруда қандай рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Абай шығармалары бірқатар шет тілдеріне аударылғанын және қазір әлемнің әр түкпіріндегі оқырмандарға қолжетімді екенін атап өтті. Осыған орай, ол Қытайдың атақты абайтанушысы және аудармашысы Ха Хуанчжанға, жазушы және әдебиетші-ғалым Ақбар Мәжитке, сондай-ақ «Цзиньтай» мұражайының басшылығына Абайдың рухани мұрасын Қытайда кеңінен танытуға қосқан үздіксіз еңбегі және баға жетпес үлесі үшін ерекше ризашылығын білдірді.
Іс-шараның нағыз «інжу-маржаны» мерекелік концерт болды. Сахнада ұлттық ән және би өнері көрсетіліп, ұлы ақынның кішкентай жанкүйерлері мен Бейжің шет тілдер университетінің студенттері оның өлеңдерін оқыды.
Сонымен қатар, атақты қазақ және қытай суретшілерінің ұлы Абай Құнанбайұлын бейнелеген суреттерінің көрмесі іс-шараның жылы әрі достық ортада өтуіне өз үлесін қосты.